ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ HYUNDAI TRANS KAZAKHSTAN ЖЕҢІЛ АВТОМОБИЛЬДЕР ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТЫНДА БОЛДЫ.
Алматыға жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы жеңіл автомобильдер шығаратын Hyundai Trans Kazakhstan зауытының іске қосылу дайындығын тексерді және жаңа нысанның ресурстарын жоғары бағалады.
Hyundai Trans Kazakhstan («Астана Моторс» еншілес кәсіпорны) — қазақстандық нарықты жаңа автомобильдермен толықтырып, оларды ТМД елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін отандық автоөнеркәсіпті дамытуға арналған стратегиялық нысан.
Жоба ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Зауыт аумағы — Алматы қаласының Өнеркәсіптік аймағындағы 25 гектарда орналасқан 34 мың ш. м. Кәсіпорынның бірінші кезеңдегі қуаты — жылына 30 мың бірлік, екінші кезеңде — жылына 45 мыңға дейін. Инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд теңгеден астам, оның 30%-ы «Астана Моторс» компаниясының меншікті қаражаты, ал 70%-ы «Қазақстанның Даму Банкі" АҚ мен «ҚДБ-Лизинг» АҚ-дан алынған несиелік қаражат.
Автоқұрастыру кәсіпорындары экономиканың дамуына және оны әртараптандыруға елеулі үлес қосады, елдің инновациялық дамуының деңгейін арттырады және білікті мамандардың дамуын қамтамасыз етеді. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны шамамен 700 жұмыс орнын ашып, іргелес салалардың дамуына үлес қосады. Бір жұмыс орнының құны 40,1 миллион теңгені құрайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, машина жасау іргелес салаларды дамыту үшін мультипликативтік әсер береді, халықтың жұмыспен қамтылуын арттырады және сол арқылы жалпы алғанда елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Есептеулер бойынша, зауыттағы бір жұмыс орны іргелес салаларда (сервис, сату, логистика, сақтандыру, банк секторы, маркетинг, автоқұрамдауыштар өндірісі) 15-ке дейін жұмыс орнын береді.
«Коронавирус пандемиясына және теңге бағамының құбылмалылығына байланысты қалыптасқан дағдарысқа қарамастан, біз зауыт құрылысын жоспарланған мерзімде — бір жарым жылдың ішінде аяқтадық. Ағымдағы жылдың сәуір айында зауытта ірі торапты құрастыру әдісімен автомобильдер өндірісі басталды. 15 қазанда кәсіпорын шағын торапты құрастыру әдісімен автомобильдер шығаратын цехты пайдалануға береді. Біз өз міндеттемелерімізді толық көлемде орындаудамыз және келесі жылдың басында нарыққа шағын торапты әдіспен жиналған алғашқы автомобильдерді ұсынамыз», — деді «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Болашақта «Астана Моторс» автобөлшектер өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша, компания отандық автоөнеркәсіпті дамыту бойынша алға қойылған мақсаттарға жетеді - 51%-дан астам жергіліктендіруді қамтамасыз етеді.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытында дәнекерлеу, бояу, жинау, пластик бөлшектерді бояу цехтері және құрамдауыштар қоймасы бар. Кәсіпорын Оңтүстік Кореяда шығарылған Hyundai Motor Company, Obara, Korea Hoist, Durr Korea, Korea Tech, Hyundai Rotem және т.б. ең жаңа жабдықтармен жасақталған. Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Hyundai Motor Company талаптарына сай келеді және Еуропада, АҚШ-та және Азияда әлемдік деңгейдегі зауыттарды сертификаттайтын VCA (Ұлыбритания), RDW (Нидерланд) және TÜV Rheinland Korea сияқты танымал компаниялардың сертификаттау құжаттарына ие. Зауыт экологиялық стандарттардың барлық талаптарын ескере отырып салынған. Бояу цехі ауа мен суды сүзгілеу жүйелерімен қамтамасыз етілген.
Оңтүстік Корея Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн-Мо мырзаның, Hyundai Motor Company стратегия жөніндегі президенті Конг Ян Вун мырзаның және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Премьер министрінің орынбасары қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мырзаның қатысуымен 2019 жылғы 21 сәуірде Алматы қаласындағы болашақ зауыттың негізіне капсула салу рәсімі өткенін естеріңізге саламыз.