Бүгін Қазақстандық «Астана Моторс» компаниясы мен Youngsan автокомпоненттер өндірушісі (Корея Республикасы) Алматының Индустриалды аймағында автокөлік орындықтарын шығаратын бірлескен кәсіпорнын іске қосқанын жариялады. Локализацияның бірінші кезеңінде ортақ инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құрады.

Almaty Autoparts Production компаниясының ашылу салтанаты Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, Youngsan компаниясының төрағасы Пак Чон Бом және «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың қатысуымен өтті.

2024 жылдың желтоқсан айында компания орындықтарға арналған көбікті қалып-пішіндердің сынама партиясын шығарып, сертификациядан өтіп, өнімдерді Hyundai жеңіл автокөліктер өндірісіне жеткізу мақсатында Hyundai Motor Company (Корея Республикасы) келісімін алды.

 Халықаралық стандарт талаптары мен қызметкерлердің біліктілік деңгейінің сәйкестігі расталған соң, кәсіпорын орындықтарды өндіру бойынша технологиялық операцияларды  жүзеге асыру мақсатында мемлекетпен келісімге отырды.

«Осылайша «Астана Моторс» өндіруші ретінде нарықтағы орнын нығайту үстінде. Біз Мемлекет басшысына, Қазақстан Үкіметіне және Алматы қаласының әкімдігіне өнеркәсіп саласына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Президент ел экономикасын дамытудағы жеке инвесторлардың маңызды рөліне тоқтап, кәсіпорындарға жұмыс орындарын сақтау және өндірісті жаңғырту бойынша көңілге қонымды міндеттемелер жүктелуі тиіс екенін атап өтті. Біз мойнымызға алған міндеттеріміз алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінеміз. Осы мақсатта сыртқы факторларға тәуелділікті азайту, автокөлік өнеркәсібінде білікті инженерлер буынын дайындау, сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу үшін автокомпоненттер мен шикізат өңдеудің қомақты үлесін локализациялауға қарай бағыт алып келеміз. Біз сондай-ақ Youngsan компаниясына бізге артқан сенімі, бөліскен технологиясы және тәжірибесі үшін алғыс айтып, ынтымақтастығымыздың табысты болатынына сенеміз», - деді «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Өз кезегінде, Youngsan компаниясының төрағасы Пак Чон Бом «Астана Моторс» компаниясына «Қазақстан өндірісінің жарқын болашағанына сенім артып, күш-жігердің арқасында ынтымақтастық пен дамуға жол ашқан мүмкіндіктер үшін» алғысын білдірді.

«Біз «Астана Моторс» пен Youngsan арасындағы бекем байланысқа негізделген бастамаларымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Бұл тек алғашқы қадам ғана. Әлемде және ТМД аймағындағы автокөлік өнеркәсібіндегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып, біз осы бағытта үнемі жұмыс істейтін боламыз. Бізге автокөлік саласын дамыту жолында қажетті инфрақұрылым мен басқа да көптеген салалар бойынша Қазақстан үкіметі тарапынан тұрақты қолдау қажет екенін атап өткім келеді. Мен сондай-ақ біздің зауыттағы барлық жас инженерлерді көргеніме қуаныштымын. Бұл инженерлер – Қазақстан өндірісінің болашағы!", - деп атап өтті Youngsan төрағасы Пак Чон Бом.

Зауыттың өндіріс қуаты жылына 100 мың орындық жинағын құрайды. Өнеркәсіп Hyundai Trans Kazakhstan зауытында ұсақ түйінді өндірісі арқылы Hyundai Tucson моделіне арналған орындықтарды шығаруды бастады. Жақын арада зауыт Hyundai Santa Fe моделіне арналған орындықтарды өндіреді.

Болашақта Almaty Autoparts Production өз өнімдерін жаңа Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытына (ашылуы 2025 жылдың  2-тоқсаны), сондай-ақ басқа да автокөлік кәсіпорындарына жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда «Астана Моторс» Қытай Халық Республикасының Chery Automobile және Great Wall Motor Company (GWM) компанияларымен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында Chery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion, Tank 300 модельдерін өндіруде Almaty Autoparts Production автокомпоненттерін пайдалану туралы келісімдерге қол жеткізді.

Almaty Autoparts Propduction кәсіпорнының мамандары көбікті қалып-пішіндерді өндірудің технологиялық операцияларын меңгерді.

2026 жылы зауыт жеткізілетін шикізаттан орындық қаптамасын тігу бойынша локализацияның екінші кезеңіне шығады. Кәсіпорын тігін цехын ашып, оны жабдықтауға және кадрларды оқытуға қосымша 720 миллион теңге инвестиция жұмсауды көздеп отыр.

Аумағы 4850 ш.м. құрайтын Almaty Autoparts Production зауытының өндірістік алаңында көбікті полиуретанды (қалып-пішін) бұйымдарын шығару бойынша автоматтандырылған желі орнатылып, жұмысын бастады. Өндіріс құрал-жабдықтары Корея Республикасынан жеткізілген. Аталған желіде құйғыш робот, конвейер желісі, жылыту қондырғылары бар қалып пішіндер, айналмалы вакуумды крашер орналасқан.

Орындық өндірісінде зауыт Корея Республикасынан әкелінген құрал-жабдықтар, шикізат пен жиынтықтар, көбікті қалып-пішіндерді өндіруге арналған сұйықтық, сонымен қатар салынбалы элементтер, жақтаулар, орындық қаптамалары, пластикалық бөлшектер сияқты компоненттерді пайдаланылады.

Қазіргі уақытта зауытта 65 жұмысшы қызмет атқарарды. Кәсіпорын дамуының екінші кезеңінде орындық қаптау цехы іске қосылған соң Almaty Autoparts Production жұмысшыларының саны 95 адамға дейін өседі. Компания қызметкерлері Youngsan компаниясының тәжірибелі мамандарынан білім алып,  кореялық инженерлермен бірге жабдықтарды қондыру және баптау жұмыстарына қатысты.

Айта кетейік, «Астана Моторс» Алматының Индустриалды аймағында автокөлік кластерін, атап айтқанда Hyundai Trans Kazakhstan, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттарын, логистикалық хаб пен автокомпоненттер шығаратын технопаркін құрды.

«Астана Моторс» өндірісті кеңейту, сонымен бірге автокөліктер мен автокомпоненттерді локализациялауды ұлғайту жұмыстарын жалғастырады. Атап айтқанда, «Астана Моторс» жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелерін, бәсеңдеткішті (түтін шығару жүйесі), еден төсеніштерін шығаруды жоспарлап отыр.

Дереккөз: forbes.kz


Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар

Hyundai тағы да үздік: 2025 жылдың бірінші тоқсанында бренд сатылым рекордына қол жеткізді

Hyundai 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандық автонарықтың ресми сатылымының бүкіл тарихындағы рекордтық көлік санын сатты - 11 705 бірлік. Брендтің сатылымы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ға өсті (9 277 бірлік).

"Астана Моторс" Hyundai Trans Kazakhstan зауытын жаңғыртып, жаңа роботтар орнатты

"Астана Моторс" компаниясына қарасты Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында ауқымды модернизация болып, жаңа жабдықтар орнатылды.

ҚазҰУ мен Астана Моторс» серіктестігі жаңа деңгейге шықты

«Астана Моторс» құрамына кіретін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті зауыты және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Астана Моторс» Changan Automobile Group компаниясының Польшадағы стратегиялық серіктесі атанды

2025 жылғы 21 наурызда Германияның Майнц қаласында «Астана Моторс» (Қазақстан Республикасы) мен Changan Automobile Group (Қытай Халық Республикасы) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат «Астана Моторс» компаниясына жақын арада дистрибьюторлық келісімге қол қою үшін негіз болатын бизнес-жоспар дайындау процесін бастау құқығын береді.

«Астана Моторс» коммерциялық техника зауытына 12,8 млрд теңге инвестиция жұмсады

2025 жылғы 14 наурызда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапарымен кеңейту жұмыстары жүргізіліп, модернизациядан өткен Hyundai Trans Almaty зауытына барды. Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері және «Астана Моторс» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов қатысты.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: МУЛТИБРЕНДТІ ЗАУЫТ CHANGAN CS55 PLUS-ТЫ ШЫҒАРУҒА ДАЙЫНДАЛУДА

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті зауыты қытайлық Changan компаниясымен CS55 Plus автокөліктерін шығаруға арналған жабдықты жеткізу туралы келісімге қол қойды.