2024 жылғы күзде есігін ашатын Заманауи өнер мұражайы – бүкіл Орта азиядағы алғашқы осындай нысан

Алматының әлемдік арт-сахнадағы орнын нығайту – салынып жатқан Almaty Museum of Arts тобы қолға алған тапсырма. Қыркүйектің соңында жобаның бас инвесторы Нұрлан Смағұлов (Forbes Kazakhstan ең бай бизнесмендер рейтингісіндегі №9) мұражайдың құрылыс алаңында медиатурды жеке өзі өткізді.

Экскурсияға көптеген қызығушылар келді және бұған себеп бар: 2024 жылғы күзде есігін ашатын Заманауи өнер мұражайы – бүкіл Орта азиядағы алғашқы осындай нысан. Инвестормен қатар бұл жоба туралы журналистерге Almaty Museum of Arts мұражай қызметінің директоры, өнертанушы Меруерт Қалиева және ғимараттың жобасын салған Chapman Taylor сәулет бюросының аймақтық директоры Крис Ланксбури айтып берді.

Кеңестік классикасыз

Смағұлов үшін Almaty Musem of Arts жай ғана кезекті бір инвестиция емес, бұл оның сүйікті ісі және оның пікірінше, бұл мұражай Алматының мәдени өмірінде өз орнын алады. Қалада әлі де жетекші заманауи суретшілердің ауқымды көрмелерін өткізетін кеңістік жоқ. Ә.Қастеев атындағы МӨМ кейде заманауи өнерді көрсетеді, алайда оның негізгі бағыты – классика. «Біз Қастеев мұражайымен бәсекеге түсуге мүлдем ниетті емеспіз. Ол әлдеқайда қуатты және жинағы бойынша дұрыс», – дейді Смағұлов.

Almaty Museum of Arts топтамасының негізін миллионердің жеке жинағынан алынған қазақстандық өнер туындылары қалайды. Бұл туындылардың кейбіреуі тұрақты шығармалар залында тұрады. «Біз Шәрденовтың, Айтбаевтың (кеңестік қазақстандық көркемөнер классиктері. – Ред. еск.) туындыларын ілмейтін шығармыз, оның орнына соңғы 30-40 жылда шыққан туындыларды таңдаймыз», – дейді Смағұлов. Туындылары жаңа мұражайға қойылатын жергілікті суретшілердің бірі – Рустам Халфин, кейінгі ХХ ғасырдың нақты шығармасындағы тәжірибелерімен танымал. Almaty Museum of Arts соның көрмесімен ашылуы да мүмкін.

Бәрі алдын ала қарастырылған

Алматыда жұмыс істейтін мәдени институциялармен жаңа мұражай бәсекеге түсе қоймас: оның техникалық параметрлері ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сай болады (Смағұловтың өзі айтқандай «triple A»). Ғимараттың жалпы пайдалы ауданы – 8,9 мың ш.м., экспозициялық ауданы 3,6 мың ш.м. Бес мың өнер туындысы сыйатын қоймамен қатар жоғары санаттағы жабдық орнатылған реставрациялық шеберхана, концерт, кино, театр қойылымдары және дәрістер өткізетін көп функциялы трансформер зал, балалар мен ересектерге білім беру бағдарламасын өткізетін шеберхана, авторлық бистро, кітаптар мен сувенирлер дүкені қарастырылған.


Фото: баспасөз қызметінің архиві

Мұражайдың инженерлік инфрақұрылымы үшін Абу-Дабидегі Луврды, Лос-Анжелестегі LACMA өнер мұражайын құруға, Лондондағы Британ мұражайын қалпына келтіруге ат салысқан Buro Happold компаниясында жұмыс істейтін британдықтар жауапты болады. Инженерлік ғимарат ең сынғыштарынан монументалдық және инверсивтілеріне дейінгі кез келген туындыларды көрсетуге болатындай етіп жобаланған. Мұражайда температура, ылғалдылық және жарық бойынша қатаң стандарттар сақталады. «Қор қоймасын алайық, – дейді Смағұлов. – Ол әртүрлі аймақтардан тұрады, өйткені өнердің әртүрлі заттарына әртүрлі температура және ылғалдық режимдері қажет. Литвалық компания бізге туындыларды сақтауға арналған әлеуметтік шағын сөрелерді дайындап берді».

Меруерт Қалиеваның айтуынша, мұражайдың жиынтығы біртіндеп көлемді және алуан түрлі бола бастайды. «Біздің мұражайымыз әртүрлі материалдарды сақтау үшін толық дайын болады», – дейді ол. Өнертанушы Almaty Museum of Arts жиынтығында бар қазақстандық суретші Ербосын Мелдібековтың «Белгісіз қаһарманға ескерткіш» инсталляциясын мысал ретінде келтіреді. Ол формальдегидке сіңірілген ат тұяқтарынан тұрады. «Мұндай инсталляцияларға ерекше ылғалдылық режимі қарастырылуы керек», – деп түсіндіреді Қалиева. Туындылардың ең сезімтал түрі фотосуреттер екенін де сөзге тиек етті. Оларға мұражайда барлық жағдайлар қарастырылады.

Қала мен тау көрінісінде

Almaty Museum of Arts құрушылары одан жай ғана мұражай емес, қаланың, сонымен қатар әлемнің мәдени картасындағы тартылыс нүктесін жасауға тырысады. Смағұлов испандық қала Бильбаоны мысалға келтіреді, бұл қала заманауи өнердің әлемдегі үздік жиынтығы жиналған Гуггенхайм мұражайы ашылған кезде танымастай өзгерген. Сол сияқты Алматы да өзгереді деп үміттенеді ол, бұл қалаға да заманауи мәдени және көрме кеңістігі жетіспейді. Алматылықтар бәріне толық ашылған кезде жаңа мұражайды байқамауы мүмкін емес. Нысанның локациясының өзі – Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысы – оны көрнекті етеді.

Смағұловпен бұрын да жұмыс істеген Крис Ланксбури (Chapman Taylor, Алматыдағы және Астанадағы MEGA сауда орталықтарының жобасын салды), Almaty Museum of Arts – қаланы салу контекстіне және кеңістіктің көп функциялығына негізделе отырып, нөлден бастап сәулетшілер мен инженерлер дайындаған бірегей нысан екенін айтады. «Біздің ғимараттарымыздың барлығы техникалық және эстетикалық тұрғыдан бірегей, – дейді Ланксбури. – Біздің шешімдеріміз әр алуан. Бұл жерде де біз бір жарқын әрі күрделі нәрсе жасауға тырыстық. Сәулетшілерге ғимараттың қазіргі түрін жасау үшін көп күш салуға тура келді».


Крис Ланксбури
Фото: © Андрей Лунин

Ланксбури мұражай Алматының көрнекі жеріне айналатынына сенімді. Chapman Taylor тобының міндеті – жаңа ғимаратты қалалық көрініске сәйкестендіру. Осы мақсатта мұражайдың ішіне енетін атриум салынған. Ол визуалдық және функциялық түрде нысанды батыс беткей жағында салынған Almaty Theatre ғимаратымен және оңтүстік-шығыс жағынан Назарбаев даңғылымен байланыстырады. Атриумның арқасында жаңа мұражай қалаға қатысты тартымды бола түседі – деп санайды Ланксбури.

Ғимарат екі қарбалас даңғылдың қиылысында орналасқандықтан, сәулетшілер мұражайдың қасбетін айналасындағы автокөліктер хаосына қарама-қайшы нәрсе етіп жасауды шешті. Сондықтан Әл-Фараби даңғылына шығатын солтүстік қасбеті монументалды, жоғары өнер әлемін қорғап тұратындай етіп жасауға шешім қабылдады. Ланксбуридің пікірінше, бұл қарама-қайшылықта тұрған ештеңе жоқ, керісінше ол мұражайға келу тәжірибесін қанықтыра түседі. «Өнер туындыларын тамашалап отырып, кейде қаланың қозғалысын көру үшін терезеге қараған да жақсы», – дейді ол. Кейбір терезеден Алматының ең басты көрнекілігі – таулар көрінеді. Визуалдық тәжірибенің алуандылығына қарасақ, Almaty Museum of Arts ерекше бір туынды болмақ.

Жобалаушылардың алдында тұрған тағы бір тапсырма – мұражайдың стильдік тұрғыдан экспрессивті ғимаратын сейсмотұрақты ету болды. Қасбетінде шығыңқы және аспалы элементтері бар үшкір бұрыштары көп. Олар бұл ғимаратты айналасындағы ғимараттардан ерекшелендіреді және Алатау шыңдарымен сәтті үйлеседі, – деп санайды Ланксбури. «Біз ғимараттың пішіні жарқын және есте қаларлық болғанын қаладық. Оның аспектілерінің бірі – шығыңқы элементтері (мысалы оңтүстік-шығыс кірісіндегі «самғайтын» террасасы, ол жерден тау көрінеді. – Авт. еск.). Оның бәрін сейсмикалық қауіпсіздікті ескере отырып жобалау оңайға соққан жоқ. Инженерлер мен басқа мамандар бұл тапсырманы абыроймен атқарғанын айта аламын», – дейді британдық сәулетші.

Венециялық хикаялар

Алматылықтар үшін жаңа мұражай өзінің сәулетінің және мәдени маңыздылығының арқасында тартылыс орнына айналатыны хақ болса, Almaty Museum of Arts жасаушылары жетекші әлем суретшілерінің туындыларын көрсету арқылы шетелдік туристерді тартуды жоспарлап отыр. Мұражай бірнеше әлемге әйгілі туындыны сатып алды (Смағұлов ол туындылардың бағасын айтудан бас тарта отырып былай деп қалжыңдайды: «Оның құны қанша екенін айтсам, бәрі оның мәдени құндылығын емес құнын ғана айтатын болады»). Сонымен қатар жылына кемінде екі рет мұражайда ірі уақытша көрмелер өтетін болады.

Мұражайдың жиынтығына сатып алынған туындылардың бірі – неміс суретшісі Ансельм Кифердің «Мына шығармаларды өртегенде олар кішкене болса да жарық береді» инсталляциясы. Кифер өзінің тарих, мифология және адамның қазіргі жай-күйі тақырыптарын зерттейтін күрделі және қарама-қайшы туындыларымен танымал. Суретші көп уақытын ұжымдық жадқа, ұлттық сәйкестікке және адамның тарихтағы рөліне байланысты мәселелерге көп уақытын арнады. Кифер жиі көркем әдебиетке және философияға сілтеме жасайтын туындыларында материалдармен тәжірибе жасағанды ұнатады.


Ансельм Кифер. Мына шығармаларды өртегенде олар кішкене болса да жарық береді, 2022
Фото: баспасөз қызметінің архиві

«Мына шығармаларды өртегенде олар кішкене болса да жарық береді» инсталляциясын Кифер 59-шы Венециялық биеннал аясында құрған. Венецияның 1600 жылдығына арналған туындылар сериясында ол қала тарихы туралы көп ойланады. Оның атауы ХХ ғасырдағы венециялық философ Андреа Эмоның еңбектеріне сілтеме жасайды. Бастапқыда бұл инсталляция Венециядағы Әулие Марк алаңындағы готикалық сәулет ескерткіші Дожа сарайында көрсетілген болатын. Былтыр сәуір айында сол жерден бұл инсталляцияны көрген Смағұлов оны жаңа мұражайға сатып алуға бел буды. «Бұл туынды Венециялық биенналда ең бастысы болды, – деп есіне алады ол. – Венеция түгелдей оның фотосуреттерімен сәнделді». Ойын іске асыру мүмкін емес сияқты болып көрінді: бұл туындыны әлемнің жетекші мұражайлары сатып алмақшы болды. Қазақстандық бизнесменнің бағы жанды: нью-йорктік галерист Ларри Гагосян арқылы ол Кифердің өзімен танысып осы инсталляцияны Almaty Museum of Arts мұражайына сатып алды. «Бізден кейін басқа да мұражайлар келді, париждіктер де осы туындыны сатып алмақшы болды, бірақ оларға қазақтар сатып алғаны айтылды», – деп күледі Смағұлов.

Инсталляцияны фотодан көрсеңіз де таңғаласыз. Әртүрлі материалдарды – металды, акрилді, эмульсияны, ағашты пайдаланып, Кифер Венецияның дүниежүзі тарихындағы рөлі және классикалық және заманауи өнер арасындағы қатынасы туралы ойланады. Суретшінің басқа туындылары сияқты бұны да әртүрлі жолмен түсіндіруге болады және Almaty Museum of Arts тобы ол Алматыда жаңа мәнге ие болатынына сенеді.


Меруерт Қалиева
Фото: © Андрей Лунин

Серра – қазіргі заман өнерінің тірі классигі – туындыларында индустриялық материалдарды пайдалануды бастаған алғашқы суретшілердің бірі. Оның көп тонналы мүсіндерін автордың рұқсатынсыз орнатуға және жылжытуға болмайды және олар өнерді бағалаушылар үшін табыну орындарына айналады. «Оны жылжыту оңай емес, – дейді Смағұлов. – Оның салмағы 155 тонна». Есептеулер бойынша Америкадан Алматыға мүсінді тасымалдауға жарты жыл, орнатуға тағы бір ай керек. Оны бөлшектелген күйде тасымалдайды. Мүсінмен бірге оны орнатуға қажетті жабдықты да әкеледі. Смағұлов: «Осындай заттарға арнап мұражайлар салынады», – дейді мақтанышпен.

Бизнесменнің пікірінше, «Жол қиылысы» мүсіні мұражайдың визит картасына айналады. «Бұл туындымен танысқан кездегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын, – дейді ол. – Мүсін сыртынан қарапайым болып көрінгенімен, ішіне кірсеңіз күтпеген бір көріністерге тап боласыз. Бұл туындының маңызды элементі – дыбыс: оның мүсіннің ішкі бетінен қалай шығатыны».

Мұражайдың жиынтығына жақында әртүрлі, соның ішінде кескіндеме, мүсін, инсталляция және перфоманс жанрларындағы авангардтық туындыларымен әйгілі, танымал жапондық суретші Яей Кусаманың туындысы қосылды. Кусама бірнеше онжылдық ішінде жасап келе жатқан инсталляциялар сериясы «Бітпейтін бөлмелер» деп аталады. Осындай бөлмелердің бірін Almaty Museum of Arts сатып алды. «Махаббат шақырады» деп аталатын осы бөлмеге кіргенде қонақтар мидың қабылдау шекараларын өзгертетін шексіз бір кеңістік болып көрінетін жерге енгендей болады. «Бітпейтін бөлмелерге» тән пішіндерді дыбыс толықтырады, ол жерде суретші өз поэмасын айтады.


Ричард Серра. Жол қиылысы, 2011
Фото: баспасөз қызметінің архиві

Дүниежүзінің жетекші мұражайларына келушілер «Бітпейтін бөлмелерді» көру үшін кезекке тұрады. Almaty Museum of Arts сатып алған бөлме де дәл сондай. Мұражай салынып жатқан кезде бұл инсталляция Сан-Францискодағы Қазіргі заман өнері мұражайында, Кусаманың жеке көрмесінде көрсетіліп жатыр. «Біз кең пейілдіміз: сақтайтын жеріміз жоқ болғандықтан, құрылыс аяқталғанша біз беріп қойдық. Келесі жылдың күзінде ол бөлме осында келеді», – дейді Смағұлов күлімдеп.

Смағұлов пен Қалиева мақтанышпен айтып отырған суретшілер алматылықтар үшін аса танымал емес болуы мүмкін, бірақ ол өзгереді. Мұражайға кіру бағасы қолжетімді – 500 теңге. Көрмелермен қатар бұл жерде балалар мен ересектерге арналған шеберлік сабақтар, театрлық қойылымдар және концерттер өтеді. Almaty Museum of Arts бұл мұражай алматылықтар мен қала қонақтарының кездесетін жеріне айналады, деп сенеді. Қазіргі кездің өзінде ынтымақтасу туралы ұсыныстар көптеп түсуде. Смағұлов пен оның тобы әзірше жаңа мәдени институцияның салыну процесін жеке өздері бақылауда ұстағысы келеді, бірақ болашақта ол коллаборацияға ашық болады, – деп сендіреді жасаушылар.

Дереккөз: forbes.kz


Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар

«Астана Моторс» және Genesis Қазақстан нарығында премиум брендтің ресми түрде іске қосылғаны туралы хабарлады

Әлемге әйгілі дизайнер Сан Еп Ли қазақстандық клиенттерге бренд философиясы мен жаңартылған модельдерін таныстыру үшін Алматыға келді

Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитеті мен Chery ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

11 қазанда Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық паралимпиада комитеті мен «Астана Моторс» өкілі – Chery автобренді ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Chery ҚР Паралимпиада комитетінің ресми демеушісі атанды. Үшжақты Меморандумға Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев, Chery International вице-президенті Жу Шандон және «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев қол қойды.

Hyundai және Satbayev University қазақстандық инженерлерді даярлау үшін ынтымақтасты

Аталған басқосуға 2023 жылы Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орны мен Hyundai Trans Kazakhstan («Астана Моторстың» еншілес компаниясы) зауыты арасында басталған ынтымақтастық себеп болды. Бұл ынтымақтастық шеңберінде компанияның мамандары автоөнеркәсіптің болашақ инженерлері мен мамандарымен өз тәжірибесімен бөліседі.

Отбасы Күнi – Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытындағы дәстүрлі Отбасы күні, зауыттың туған күніне орайластырылған

Hyundai отбасылық мерекесі қазақстандық стильде: автомобиль зауытының 3000-нан астам қызметкері және олардың туыстары дастарқан басында ашық аспан астына жиналып, «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны Hyundai Trans Kazakhstan зауытының туған күнін атап өтті.

«Астана Моторс» Қазақстандағы MyCharge электрзарядтау станциялары желісін салуға 5,8 млрд теңге инв

Бұл туралы Астанада өткен Astana Finance Days халықаралық форумында белгілі болды, мұнда қазақстандық компания «Астана Моторс» Қытайдың электрзарядтау инфрақұрылымы секторындағы көшбасшысы TELD технологиясы негізіндегі электрзарядтау станциялары (ЭЗС) инфрақұрылымын ұйымдастыру бойынша MyCharge жобасының іске қосылатыны туралы жариялады.

«АСТАНА МОТОРС» ЕУРОПАДАҒЫ ЕҢ ҮЗДІК LEXUS ASTANA ДИЛЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫН САЛАДЫ

Жобаны Chapman Taylor британдық сәулет бюросы әзірледі